Астанада 1929-1940 жылдары латын әліпбиінде шыққан кітаптар көрмесі өтті
Елордада жаңадан ашылған «MEGA Silk Way» ғимаратында «Qazaq kitaptary 1929-1940» атты латын әліпбиімен жазылған кітаптар көрмесі өтті. Яғни, ұйымдастырушылар қазақ халқының латын әріптерін қолданған 1929-1940 жылдарғы кітаптарды жұртшылық назарына ұсынды.
– Бүгін маңызы зор үлкен көрме ұйымдастырылып отыр. Өткенге көз жүгіртер болсақ, түрік халқы өз уақытында араб әліпбиінен латынға көшірілген болатын. Осының арқасында Анадолы елі бүгінде дамыған елдердің біріне айналып отыр. Алаш азаматтары өткен ғасырда латын әліпбиін пайдаланған аз уақыт аралығында үлкен жұмыстар атқарды. Енді Мемлекет басшысы сол латын әліпбиіне көшу туралы тапсырма беріп отыр. Ол бүгін, ертең немесе арғы күні емес бірнеше жылға созылмақ, – деді ғалым Камал Низамұлы.
Ол сондай-ақ, 2007 жылы мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, арнайы ғалымдар тобын латын әліпбиіне көшкен елдерге жібергенін айта келіп, олардың ауысу процесін, жіберген қателіктеріне шолу жасауға мүмкіндік берілгенін еске алып өтті. Шараны ұйымдастырушы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы» кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеевтің айтуынша, мұндай көрме тарихымызға терең үңілуге мүмкіндік береді.
Көрмеге қойылған кітаптардың арасында 1939 жылы шыққан ұлы ақын Абай Құнанбайұлының таңдамалы өлеңдері, 1935 жылы жарияланған Қазақстанның көркем әдебиет жинағы, Сәбит Мұқановтың 1939 жылы жарық көрген «Сөз – Советтік армия», Ілияс Жансүгіровтің 1935 жылы шыққан «Жолдастар», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1933 жылғы Толық шығармалар жинағы, Мұхтар Әуезұлының 1935 жылғы «Тас түлек» секілді кітаптары бар.
Арнайы ұйымдастырылған шарадан кейін қонақтарға соңғы жылдары шыққан ақын-жазушылардың кітаптары сыйға тартылды. Бұдан бөлек, латын әліпбиіне байланысты арнайы ойындар да ойнатылды.
Айта кетейік, қазақ халқы VIII ғасырдан бастап бүгінге дейін қолданылып келе жатқан араб әліпбиін, 1929-1940 жылдары латын әліпбиін қолданса, 1940 жылдан бастап қазірге дейін кириллица жазуын пайдаланып келеді.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»